Тоқаев қолға алған реформалар ілгері бастайтын қадам екенін қоғамға жеткізу қажет – AMANAT
Мәжілістегі "AMANAT" партиясы фракциясының жиыны барысында депутаттар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты берген тапсырмаларын іске асыру және заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілісмендер ел экономикасының нақты мәселелерін шешу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында алға қойылған барлық мақсат-міндеттің маңызын атап өтті.
Мәжіліс спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент қазіргі жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, жаңа ауқымды жаңғырту бастамасын ұсынғанын атап өтті. Онда ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, АӨК-ті нығайту, инвестиция тарту мәселелері қамтылды.
Президент ұсынған реформалар экономикадағы және өзге де салалардағы бұрыннан бар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. "AMANAT" партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын жүйелі жүзеге асырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Оның бәрі азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Біз реформалардың ілгері бастайтын қадам екенін қоғамға дұрыс жеткізіп, қазақстандықтарды Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған бағыт төңірегінде топтастыруымыз керек, – Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ "AMANAT" партиясының төрағасы Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және оны қолдану шегін төмендету жөніндегі ұсынысы аясында жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыс тәсілдеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Бейінді комитет халықаралық тәжірибені, сондай-ақ оның экономика мен бизнес-ортаға әсерін саралай отырып, осы нормалар бойынша нақты ұстаным әзірлеуге тиіс.
Сонымен қатар қысқа мерзімде депутаттар жер қойнауын пайдаланушылар үшін түсінікті және ашық заңнамалық негіз құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды, энергетика мен ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы керек. Бұл қадам елімізге шетел инвестициясын тартуға және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Бұған қоса, Ерлан Қошанов әкімдер корпусы атқаратын жұмыстың тиімділігін арттыру мәселесіне баса назар аударды.
Мемлекет басшысы сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізудің маңызын атап өтті. Президент «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар, ол осындай жұмыс жүргізіп жатқан "АMANAT" партиясының тәжірибесін ерекше атап өтті. Сайланған әкімдер сайлаушылардың сенімін ақтауға, атқарушы билік жүйесінде жұмыс істеу үшін қажетті құзыретке ие болуға тиіс. Партия Үкіметпен бірге осы міндетті орындауға дайын, – деді Ерлан Қошанов.
Жиын барысында Президент тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру ісіне қатысты партия фракциясының мүшелері де сөз сөйледі. Нұртай Сабильянов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндады, Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін жаңғырту және білім беру саласын одан әрі дамыту мәселесіне тоқталды, Ерлан Саиров әлемдік саясаттағы өзгерістерге бейімделуге және Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жұмысқа қоғамды барынша көп тартуға шақырды. Өз кезегінде Болатбек Нажметдинұлы ауыл шаруашылығында барынша тиімді дақылдарды өсіруге басымдық берілуі керек екенін жеткізді, Дүйсенбай Тұрғанов елімізде бірнеше АЭС салудың маңызын атап өтті, Татьяна Савельева тиімсіз шығындарды оңтайландыруға және бюджет қаражатын толық үнемдеу қағидатына көшуге тоқталды.
Жиын соңында Ерлан Қошанов "AMANAT" фракциясы Президент алға қойған міндеттерді іске асыруға құқықтық негіз болатын заңдардың уақтылы әрі сапалы әзірленуін қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Барлық заң қоғамның ұстанымын және экономикадағы проблемаларды нақты шешуді ескере отырып қабылдануы керек. Бұл депутаттардың халық пен Мемлекет басшысы алдындағы тікелей жауапкершілігі.