Тоқаев: «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деу – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында хабарлады.
Президент өз сұхбатында Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қандай болуы керек деген сұраққа тоқталды.
Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Екінші мәселе. Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жер мәселесіне қатысты екі елдің билігі арасында ешқашан дау туындаған жоқ деп отыр.
Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В. Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.