Бүгiн 2026, 12:43 Фото: Ақорда

Тоқаев: Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асты

Мемлекет басшысы тауар айналымының артып келе жатқанын, жаңа бірлескен жобалар мен Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 29 млрд доллардан асқанын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ресей президенті Владимир Путинмен өткен келіссөз барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салған мемлекеттердің ішінде көш бастап тұр.

Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асты. Бұл – жеткілікті деңгейде тұрақты көрсеткіш, өте жақсы нәтиже. Әрине, бұл әкімшіліктер мен үкіметтердің бірлескен жұмысының нәтижесі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, біздің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығымыз табысты дамып келе жатқанын, тауар айналымы көлемінің артып отырғанын үлкен қанағаттанушылықпен атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында даулы мәселелер жоқ екенін, ал екіжақты ынтымақтастық жаңа жобалар мен бастамалар есебінен нығайып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 тамызда Омбыда өтуі мүмкін екенін хабарлады.