Тоқаев қазақстандықтарды Балаларды қорғау күнімен құттықтады
Президент биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырыла бастағанын айтып, жас ұрпақты қолдау Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жолындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, жас ұрпақтың құқықтарын қорғау, денсаулығын сақтау және жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, бақытты балалық шақтың негізі – берекелі отбасы. Осыған байланысты отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның маңызды нормаларының бірі ретінде бекітілген.
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды. Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр, – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Президент биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырыла бастағанын айтып, жас ұрпақты қолдау Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жолындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді.