Тоқаев: Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент еліміз осы маңызды қарарды қуаттағанын айта келіп, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы саналатынына назар аударды.
Жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім, – деді Президент.
Президент БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды.
Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық университетін ашу жөніндегі бүгінгі ұсынысын қолдайтынын айтты.
Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деді Президент.