Тоқаев Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын айтты
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру, - деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады.
Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатын қатаң ұстанамыз, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық. Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.