Бүгiн 2026, 12:08 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Тоқаев: Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән береді

Президент 2024 жылы қазанда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхті қарсы алып, Моңғолия делегациясымен отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз Еуразиядағы ежелгі көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Қазақ пен моңғол тарихы ортақ, достығы жарасқан, тамыры бір, салт-дәстүрі ұқсас халық. Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береді. Бүгінгі сапардың мән-мағынасы зор, - деді Президент.

Тоқаев бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын бекемдей түсуге жол ашатынына сенім білдірді.

Бұған қажетті саяси ерік-жігеріміз және ниетіміз бар. Сауда-экономикалық әлеуетіміз де жеткілікті. Қазір көпқырлы байланысымыз достық пен өзара қолдау рухында жақсы дамып келе жатыр. Қарым-қатынасымыздың оң сипатына белсенді саяси диалог, екі ел Үкіметтері мен Парламенттері арасындасындағы іс-қимыл тікелей әсер етіп отыр, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.

Еске сала кетсек, Президент 2024 жылы қазанда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған болатын. Сапар кезінде уағдаластыққа қол жеткізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылған. Тоқаевтың сөзінше, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Бірқатар жетістік бар. Тауар айналымы жылдан-жылға артып келе жатыр, өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Президент.

Сондай-ақ Президент бүгін елордада қазақ-моңғол бизнес форумы өтетінін қоса кетті. Оған Моңғолиядан келген көптеген компания қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Ақордада Моңғолия президентін қарсы алды