Бүгiн 2026, 14:41 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев: Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 92 млн тоннаға жетті

Бұл – шамамен 3,5 пайыздық өсім.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» трансконтиненталдық дәліздерін дамыту бағытында нәтижелі жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен өткен келіссөздер қорытындысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, екі ел үшін Еуразия кеңістігіндегі көлік байланысын дамыту айрықша маңызға ие.

Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы көлемі тұрақты өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 92 млн тоннаға жетті. Бұл – шамамен 3,5 пайыздық өсім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның ішінде озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы өсімге қол жеткізу көзделіп отыр.

Бүгін елдеріміз арасында пилотсыз жүк автокөліктерінің іске қосылуы соның айқын мысалы болды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне де тоқталды. Оның айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағы ғылыми-техникалық әріптестіктің символы болып қала береді. Ал «Бәйтерек» жобасын іске асыру Қазақстан мен Ресейдің халықаралық ғарыш қызметтері нарығындағы позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндік ашады.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей экономика, энергетика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын мәлімдеді.