Тоқаев: Қазақстан мен Пәкістан ғылым, білім және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөздер қорытындысы бойынша ғылым, білім және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қазақстан–Пәкістан бизнес-форумына екі елдің 250-ден аса компания басшылары қатысатынын, онда бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылатынын атап өтті.
Бұл маңызды іс-шара нәтижелері сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін береді деп сенемін. Қазіргі уақытта Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент білім алуда. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Исламабад университеттерінде ашылған «әл-Фараби», «Сәтпаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің білім және ғылым саласындағы ықпалдастығын күшейтпек.
Сондай-ақ Президент денсаулық сақтау және спорт саласындағы өзара іс-қимылға назар аударды. Тараптар Қазақстан–Пәкістан «Достық» спорт кешенін ашты.
Бұл орталықта қазақ күресі, тоғызқұмалақ, сондай-ақ шахмат, бокс және аралас жекпе-жек бойынша сабақтар өтеді. Мәдени және спорттық іс-шараларды тұрақты өткізу екі халықтың жақындасуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Тараптар БҰҰ бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі үкіметаралық меморандумға қол қойды.
Кез келген жанжалды дипломатиялық жолмен шешу қажет. БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормалары басымдыққа ие болуы тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтатынына сенім білдірді және Шахбаз Шарифтің Қазақстанға мемлекеттік сапарын күтетінін жеткізді.
Өз кезегінде Пәкістан Премьер-министрі Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде атап өтті.
Бүгінгі келіссөздер нақты нәтижелерге ұласты. Қол қойылған құжаттар сауда, мәдениет, білім беру және өзге де салалардағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік ашады, – деді Шахбаз Шариф.