Тоқаев Қазақстан мен Германияның энергетика саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуді ұсынды
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Мемлекет басшысы аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар.
Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы серіктестікті кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар.
2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 23 пайызға ұлғайған, ал Қазақстаннан Германияға экспортталатын аграрлық өнімдер 38 пайызға артқан. Ендігі қадам – қосылған құны жоғары өнім шығарудың бүкіл тізбегі енетін ортақ жобаларды іске асыру. Яғни ғылыми негіздегі егін шаруашылығы мен су үнемдейтін өндірістен бастап, өнімді қайта өңдеу, сақтау және экспорт сатылары толық қамтылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізуші елдердің бірі ретінде энергетикалық қауіпсіздікке елеулі үлес қосып келеді.
– Siemens Energy компаниясымен ынтымақтастығымыз, соның ішінде KEGOC ұлттық электр желілерінің операторымен бірлесе атқарып жатқан жұмысы бұл бағытта айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді. Біз аталған саладағы серіктестік аясын кеңейтіп, энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірлескен жобалар тізімін жасақтауды ұсынамыз. Егер аталған жобалар экономикалық тұрғыдан тиімді болса, кейбір құрал-жабдықтарды сырттан әкелмей, Қазақстанда өндірген жөн. Нақты инвестициялық жобаны іске асыру арқылы Орталық Азия елдері нарығына шығуға болады, – деді Президент.