Тоқаев: Қазақстан кез келген қауіпке дайын болуы тиіс
Президент қорғаныс қабілетін күшейту, армияны технологиялық жаңғырту және «Халық қаһарманы» атағына қатысты маңызды мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясын түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеп, бұл жұмысты екі жыл ішінде аяқтау міндетін қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның бейбіт саясатты ұстанатынын, алайда кез келген қауіпке дайын болуы тиіс екенін айтты.
Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз. Қазақстан – өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық құқық қағидаттарын сақтау Қазақстанның негізгі ұстанымы екенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі геосаяси жағдайда елдің қорғаныс қабілетін күшейту аса маңызды екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, армияны ең алдымен технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажет.
Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің ел алдындағы ең абыройлы міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген сөз бар, елге қорған болу – ең абыройлы қызмет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент күштік құрылым қызметкерлеріне алғыс айтып, әскери атақтар мен мемлекеттік наградалар беру туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы «Халық қаһарманы» атағы берілген Кенжебай Мәденовтің ұлы Махамбет Кенжебайұлына «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі мен «Отан» орденін табыстады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясы батыр бабалардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқанын айтты.
Тағы оқи отырыңыздар: Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтірді: Берлинге ту тіккен батырға "Халық қаһарманы" атағы берілді