Тоқаев: Қазақстан Грузияны стратегиялық серіктесі ретінде жоғары бағалайды
Президент пен Грузия Премьер-министрі екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жайын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзені қарсы алып, бұл ресми сапардың Қазақстан мен Грузия арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту тұрғысынан айрықша маңызға ие екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл сапардың нәтижелі өтетініне сенемін. Қазақстан Грузияны стратегиялық маңызы бар әрі ежелден келе жатқан сенімді серіктес ретінде бағалайды. Екі ел арасында экономикадан бастап гуманитарлық салаға дейінгі көптеген бағытта берік байланыс қалыптасты. Осы ынтымақтастық алдағы уақытта да қарқын ала береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде өзара ықпалдастықтың одан әрі дамып, нақты нәтижелер беруі үшін бар күш-жігерімді саламын. Біз Грузияны стратегиялық серіктесіміз санаймыз. Еліңізбен арадағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстан азаматтары Грузияны және оның халқын ерекше құрметтейді. Соңғы жылдары көптеген қазақстандық туристер сіздердің елдеріңізге барып, жақсы әсермен оралып жүр. Соған қарамастан, әлі де толық пайдаланылмаған мүмкіндіктеріміз аз емес. Сондықтан екіжақты байланысқа жаңа серпін беру үшін осы әлеуеттің бәрін тиімді іске қосуға күш біріктіруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейдегі кездесуге қатысуды үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.
Біз Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық деңгейге көтерілгені бізді қуантады. Оның басты құндылығы да осында. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, әлі толық игерілмеген мүмкіндіктер жеткілікті. Сондықтан сол әлеуетті барынша пайдалану үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Саяси және экономикалық ынтымақтастықпен қатар, білім беру, мәдениет және басқа да салалардағы байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Барлық бағыт бойынша ықпалдастықты кеңейтуге ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы зор. Өйткені оның аясында Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылады. Бұл құжат екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп сенемін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан оның әлеуеті өте жоғары. Қазақстан мен Грузия арасындағы достық пен өзара ынтымақтастыққа тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаныңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін, – деді Грузия премьер-министрі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Грузия жаңа келісімдерге қол қоятынын, Кобахидзе Астанаға келгенін хабарладық.