Тоқаев: Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізуді бастады
Қазақстан ChatGPT технологиясына негізделген білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыра бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы білім мен ғылымға салынған инвестиция елдің жарқын болашағына жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан алдағы уақытта экономиканы жаңғыртуды, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыруды, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын барлық салаға енгізуді және елді толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамытуды мақсат етіп отыр.
Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың маңызды бөлігі. Жасанды интеллектінің арқасында адамзат алға қарай үлкен серпіліс жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ішкі жалпы өнім көлемін 15 триллион доллардан аса арттырады деп болжануда. Бірақ осы үдерістен ең көп пайда кім көреді – бұл өте маңызды әрі қызықты сұрақ. Біз бұл бағытта терең сараптама жасап, нақты қадамдарға көшеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту ең жоғары стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл технологияны білім беру саласымен тығыз интеграциялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатта биыл AI Sana бағдарламасы іске қосылды. Қазірдің өзінде 540 мыңнан астам студент бұл курс бойынша оқудан өтті. Сондай-ақ жасанды интеллект барлық мектеп пен жоғары оқу орнында міндетті пән ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу бағытында дайындық жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.
Нәтижесінде Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы реформалар Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірге батыл қадам басуына және әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауына мүмкіндік беретінін атап өтті.