Тоқаев: Қаладағы өте өзекті мәселе – жоғары инфляция
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қаладағы өте өзекті мәселе – инфляцияның жоғары болуы. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Астанада азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, «айналым схемасы» аясында сауда желілеріне жеңілдікпен займ беруге көшті.
14 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қабылданып жатқан шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, Бірақ жұмыс орындалмады, - деді Президент.
Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді.
Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр.
Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді ол.
Президент елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыру керектігін айтты.
«Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агломерациясы инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.
Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Елорда аймағын еліміздің экономикалық тірегіне айналдыруымыз керек, - деді ол.
Президент Астана инновациялық шаһар болу қажеттігін айтты.
«Елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс. Астана инновациялық шаһар болуы қажет. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек.
Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қырық екі компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын.
Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ-бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың «Digital nomads» орталығына айналмақ, - деді ол.