Бүгiн 2026, 12:40 Фото: Ақорда

Тоқаев: Президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезіндегі жүйеден бастау алады

Мемлекет басшысы елордада Ту көтеру рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды. Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді, - деді Президент.

Оның айтуынша, Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады.

Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз. Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл мереке 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы алғаш рет ресми түрде бекітілген тарихи күнге орай белгіленген.