Бүгiн 2026, 18:06 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Перумен үш бірдей халықаралық шартты ратификациялады

Тоқаев Қазақстан мен Перу арасындағы үш бірдей халықаралық шартты ратификациялады. Құжаттар құқықтық көмек, экстрадиция және сотталғандарды беруді қамтиды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарға қол қойды.

Атап айтқанда, Президент «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы сотталған адамдарды беру туралы және ұстап беру (экстрадиция) туралы шарттарды ратификациялау жөніндегі заңдарды да бекітті. Бұл келісімдер қылмыстық істер бойынша халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Қабылданған құжаттар Қазақстан мен Перу арасындағы құқықтық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, трансұлттық қылмыспен күресте тиімді тетіктерді қалыптастыруға жол ашады.

Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.