Тоқаев пен Путиннің кездесуі аяқталды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің 2,5 сағатқа созылған кездесуі аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты кездесуден кейін жылы лебізбен қоштасты, – делінген Ақорда мәліметінде.

Бүгін Қ.Тоқаев В.Путиннің шақыруымен Сочи қаласына келген болатын. Ресей басшысы Қазақстан Президентін кездесу өтетін ғимарат алдында қошеметпен күтіп алды.

Кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің дамуына қанағаттануға барлық негіз бар екенін атап өтті.

Бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді әлемдегі ең ұзын құрлықтық толық шегенделген шекара біріктіріп тұр. Сондықтан, әрине, болашағымызға қатысты пессимистік болжам айтуға ешқандай негіз жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ҚР Президенті РФ басшысы Қазақстанда өтетін ТМД Саммитіне қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғыс білдіріп, сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатқанын атап өтті.

Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге инвестиция төрт жарым миллиард шамасында. Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында келеді. Біз сондай-ақ жақсы ірі жобаларды әзірлеп жатырмыз. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз..., – деді В.Путин.

Қос елдің Президенттері кездесуде не туралы әңгімелескенін мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы