5 Қараша 2026, 12:19 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Өзбекстан және Пәкістанмен кедендік байланысты күшейтетін заңдарға қол қойды

Қазақстан екі елмен кеден саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығармақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Өзбекстан және Пәкістанмен кеден саласындағы өзара іс-қимылын реттеуге бағытталған екі заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Президент «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған келісім екі елдің кеден қызметтері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылды жолға қоюға құқықтық негіз қалыптастырады. Келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумағында кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу көзделген.

Екінші заң Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастықты және өзара әкімшілік көмек көрсетуді көздейді.

Келісім екі елдің кеден органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, құзырлы мекемелердің жұмысын үйлестіруге, сондай-ақ кеден саласындағы құқық бұзушылықтар мен ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар тараптар тәжірибе алмасып, бір-біріне әкімшілік және техникалық көмек көрсете алады. 

Айта кетейік, Өзбекстанмен кеден қызметтері өкілдіктерін ашу туралы келісімге 2025 жылғы 15 қарашада Ташкентте қол қойылған. Ал Пәкістанмен кеден саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылды. 

Үкіметтің мәліметінше, аталған келісімдерді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және кеден заңнамасына өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсерін тигізбейді. 

Мемлекет басшысы қол қойған екі заңның да толық мәтіні баспасөзде жарияланады.