Бүгiн 2026, 17:10
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Тоқаев Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құрды
Жаңа институттың негізгі мақсаты – отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа институттың негізгі мақсаты – отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру.
Сонымен қатар, уәкіл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс атқарады.
Жарлыққа сәйкес, уәкіл қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төрағаның орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады.
Осы Жарлықтан туындайтын шараларды Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды, ал орындалуын Президенттің Әкімшілігі бақылайды. Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.