Тоқаев Орта дәліздің жаңа рөлін атады: Еуропа мен Азияны не байланыстырады?
Президент Euronews-ке берген мақаласында Орта дәліздің маңызын, ЖИ дамуын және Қазақстан–ЕО серіктестігінің жаңа бағытын ашып көрсетті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Euronews платформасында жарияланған авторлық мақаласында алдағы жылдары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың сипатын айқындайтын негізгі бағыттарға тоқталды.
Жарияланымдағы басты тақырыптардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни көпшілікке Орта дәліз ретінде белгілі жоба болды. Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдік экономиканың өзгеруі мен жаһандық логистикалық тізбектердің қайта құрылуы жағдайында қауіпсіз әрі тиімді көлік бағыттарын дамыту стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Қазақстанда біз қауіпсіз әрі тиімді көлік маршруттарының, дәл Ұлы Жібек жолы секілді, әрдайым стратегиялық күретамыр болғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан біз Еуропа мен Азияны жалғайтын Орта дәлізді дамытып жатырмыз. Бұл бағыт Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясымен табиғи түрде үндеседі, – деді Президент.
Тоқаев Орта дәлізді тек Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы бағыты ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті.
Орта дәлізді Еуропаның нарықтары мен экономикалық орталықтарын Орталық Азияның ресурстарымен, қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік базасымен және логистикалық әлеуетімен байланыстыратын жаңа жүйенің негізі ретінде қарастырған жөн. Шынайы өзара байланыс әрдайым жаңа мүмкіндіктер арқылы құндылық қалыптастырады. Ол нарықтарды біріктіреді, инвестицияларды ынталандырады, кәсіпкерлікті қолдайды және халықтарды жақындастырады, – делінген мақалада.
Президент ынтымақтастықтың тағы бір перспективалы бағыты ретінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні атады. Оның сөзінше, бүгінде инновациялар мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуының басты негізіне айналып отыр.
Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер мен сенімді технологиялар экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық тұрақтылықтың негізгі факторларына айналуда, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды белсенді түрде жүргізіп жатқанын, деректерге негізделген басқару жүйесін енгізіп, жасанды интеллект технологияларын дамытуға инвестиция салып отырғанын атап өтті.
Біз технологиялық прогрестің инклюзивті, қауіпсіз әрі адам мүддесіне бағытталған болып қалуын қамтамасыз ету үшін еуропалық технологиялық компаниялармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.
Мақаланың жеке бір бөлігі білім беру, ғылым және азаматтардың мобильділігі мәселелеріне арналды. Тоқаев Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Жарияланымды қорытындылай келе, Президент халықаралық күн тәртібін ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалармен байланыстырды.
Қазақстан Еуропалық одақпен серіктестіктің келесі онжылдығына терең жаңғыру кезеңінен өтіп жатқан мемлекет ретінде қадам басып отыр. Біз тұрақтылық ең алдымен ел ішінен басталатынына сенеміз. Жаңа Конституциямыз тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ірі саяси жаңғыру болды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта мемлекеттік институттарды нығайтуға, басқару жүйесін жетілдіруге және халықаралық серіктестер мен инвесторлар үшін болжамды әрі қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруға басымдық береді.
Біз серіктестеріміз бен инвесторларымыз Қазақстаннан тек жаңа нарықтарды ғана емес, сондай-ақ тұрақты ережелерді, болжамды, әділ әрі ашық экономикалық басқару жүйесін де көргенін қалаймыз, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.