Тоқаев: Орта бизнесті қолдау үшін ешқандай ерекше жағдай жасалмаған
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші міндетке тоқтала отырып, орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керек екенін атап өтті.
БЕСІНШІ. Орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керек. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан экономиканың орнықты әрі әртараптандырылған негізі. Бірақ бұл бағытта шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар қордаланып қалған. Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз. Шағын кәсіпкерлік, өз кезегінде, жұмыспен қамту ісінде және халықтың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқарады. Бұл ретте олар үшін салық барынша төмендетілді, тексеру іс жүзінде жоқ, қолдау құралдары бар, озық әрі жайлы цифрлық орта құрылды, әкімшілік кедергілер ұдайы азайып келеді. Алайда бізде оны бизнестің ең маңызды орта сегментіне көшіру үшін ынталандыру жолдары қарастырылмаған. Осы ретте орта бизнестің сыртқы нарықта дамуы, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіруі және оны экспортқа шығаруы үшін мүмкіндіктері мен айтарлықтай ынталандыру құралдары бар, - деді ол.
Президент айтып өткендей, орта кәсіпкер әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді.
Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған. Керісінше, қазіргі нормативті ортада, оларға, тіпті кеңейген кезде де, формальді түрде шағын бизнес болып қалу тиімдірек. Үкіметке және «Атамекен» палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс.
Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс. Мысалы, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қандай да бір қиындықтарға қарамастан, мемлекеттің қолдауынсыз табысты дамып, экспорттық нарықтарды игеріп жатқан бірнеше жүз ғана орта кәсіпорын бар екенін айтты.
Бұл ретте, менің білуімше, олардың көбі тексеруші органдардың қудалауынан қорқып, осы уақытқа дейін мемлекеттік көмектен бас тартты. Бұл жерде арнайы тәсіл керек. Егер бизнес өз міндеттемелерін орындап жатса және көздеген мақсаттарына қол жеткізсе, онда бірде-бір тексеруші жобаны іске асыру кезеңінде де, одан кейін де оған кедергі келтірмеуге тиіс, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездесетінін атап өтті.
Сонымен қатар келесі жайтқа айрықша назар аудару керек. Кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді. 2015-2021 жылдары бизнесті мемлекеттік қолдау көлемі (7 трлн теңге) қолдауға ие болған компаниялардан түскен салық түсімдерінің сомасынан 1,5 есе асып түсті (4,5 трлн теңге). Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бизнесті ынталандыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер сәтсіз болды. Осыған байланысты Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырамын, - деді ол.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қолдау шараларына ие болғандардың бірыңғай ашық реестрін құру мәселесін пысықтау қажет.
Бұл бірыңғай ақпараттық жүйеде барлық мәлімет жинақталады. Бұл кәсіпорындардың аз бөлігіне ғана қаржының шамадан тыс бөлінуін болдырмауға, сондай-ақ мемлекеттік көмектің тиімділігін объективті әрі жедел бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте қолдау шараларының тиімділігін төленген салық көлемін ұлғайту, жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу және өнімнің ел ішіндегі құндылығын арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту негізінде бағалау қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру және оның тиімділігін бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, шешім қабылдау процестерін автоматтандыруы қажет, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қатысты мәселелерге тоқталды.
Қорыта келе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қатысты мәселелерге арнайы тоқталғым келеді. Оның негізгі міндеті – бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болу. Палатаны трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын айтарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіпкерлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс, - деді ол.