6 Қазан 2026, 15:46 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Тоқаев Оман Сұлтанын «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Оман Сұлтанының Қазақстанға мемлекеттік сапары тарихи сипатқа ие екенін және екіжақты байланыстарға жаңа серпін беретінін айтты. Мемлекет басшысы Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі деп атады.

Ынтымақтастығымыз отыз жылдан бері өзара сенім, түсіністік пен қолдау рухында өрбіп келеді. Бүгін Сізбен Астана төрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды елеулі тарихи деңгейге көтергелі жатырмыз. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұнай-газ саласымен қатар көлік, логистика, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. Сондай-ақ сауда байланыстарын кеңейту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жолға қою мәселелерінің маңызын атап өтті.

Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым ықылас танытатынын айтып, оның ел басқарудағы көреген ұстанымы мен халқына қалтқысыз қызметіне жоғары баға берді.

Қазақстан халқы Сізді ерекше қадірлейді, сонымен қатар Оманды серіктес қана емес, достас әрі бауырлас ел деп атай алатынын мақтан тұтады. Сіздер стратегиялық мақсат қою арқылы мемлекетті гүлдендіріп, дамудың даңғыл жолына түсіруге болатынын дәлелдедіңіздер, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Оманның адам капиталына инвестиция салу, инновацияларды игеру және келешекке бағдарланған экономика құру қадамдарын атап өтті. Оның айтуынша, Oman Vision 2040 бағдарламасы ұлттық болмысты, елдің құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай отырып, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және орнықты экономика қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдардың дұрыстығын көрсетеді.