Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушымен сөйлесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Нидерланд тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті. 

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларына баса мән бере отырып, екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарастырды. 

Нидерланд еліміздің экономикасына тікелей инвестиция құю жөнінен бірінші орында тұр. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 26 пайызға артып, 6 миллиард долларға жақындады. 

Марк Рютте екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға берді. 

Оның айтуынша, Нидерланд Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктес ретінде қарастырады. 

Халықаралық күн тәртібін талқылау аясында Мемлекет басшысы бейбітшілік пен келісім үшін барлық елдің жан-жақты ынтымақтастығын БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сай жолға қою маңызды екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы