16 Қараша 2026, 20:24 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Тоқаев неге Ирменовті таңдады: Саясаттанушы ҰҚК басшысының тағайындалуын түсіндірді

Марат Ирменовтің Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалуы – жай ғана басшы ауысуы емес, мемлекеттік аппаратты ауқымды жаңартудың бір бөлігі. Мұндай пікірді саясаттанушы, «QAZCONTENT» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарапшының пікірінше, таңдаудың Ирменовке түсуі, ең алдымен, оның күрделі кезеңдерде арнайы қызмет бөлімшелерін басқару тәжірибесімен байланысты.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 13 қаңтарда, Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай Ирменов дағдарыс ошақтарының біріне айналған Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментін басқарды. Ал 2025 жылдың қазан айынан бастап Комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Әділ Сейфуллин мансап жолында Ирменовке күрделі кезеңдерді бастан өткерген өңірлердегі бөлімшелерге басшылық ету бірнеше рет сеніп тапсырылғанына назар аударды.

«Дағдарыс жағдайында жұмыс істеу және ең шиеленісті бағыттарды басқару тәжірибесі бүгінде оның кәсіби бейінінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Қоғамда мұндай басшыларды „дағдарыс-менеджерлері“ деп атайды», – деп жазды саясаттанушы.

Оның бағалауынша, жүйені ішінен жақсы білетін адамның тағайындалуы арнайы қызмет жұмысындағы сабақтастықты сақтауға және сонымен бірге оны басқару тәсілдерін өзгертуге мүмкіндік береді.

Әділ Сейфуллин сондай-ақ әріптестері арасында Ирменовтің жүйелі ойлау қабілетімен және алғырлығымен танымал екенін атап өтті.

Бұл неліктен жай ғана басшы ауысуынан маңыздырақ?

Саясаттанушы Президенттің кадрлық шешімдерін мемлекеттік басқару жүйесіндегі анағұрлым кең ауқымды өзгерістер контексінде қарастыру керек деп санайды.

«Президент іс жүзінде басқарушы элита жұмысының жаңа өлшемшарттарын белгілеп отыр. Бұрынғы еңбегі, еңбек өтілі мен атқарған лауазымдары қызметте өмір бойы қалудың кепілі бола алмайды. Әрбір басшы мемлекеттің өзекті міндеттеріне сай болып, өзінің тиімділігін нақты нәтижелермен дәлелдеуі тиіс», – деп атап өтті Әділ Сейфуллин.

Сарапшының ойынша, әңгіме басшыларды олардың тәжірибесі мен жүйедегі орнына қарай ғана емес, ең алдымен қазіргі сын-қатерлерді еңсере білу қабілетіне қарай бағалайтын модельге көшу туралы болып отыр.

«Қазіргі жаңғырудың саяси мәні де осында: мемлекеттік институттарды жаңа сын-қатерлерге бейімдеу», – деді ол.

Әділ Сейфуллин бұл өзгерістерді мемлекеттік мүдде ведомстволық және корпоративтік амбициялардан жоғары тұруы тиіс Әділетті Қазақстанды құру міндетімен байланыстырады.