Тоқаев: Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділ баға беру керек

Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділ баға беру керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан бауырлас қалалар әкімдерінің форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының салынуы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ. Ауқымды жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді, - деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, осындай қиын жағдайда Жоғары Кеңес, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады.

Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, Астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Айтуынша, бұл халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және жер кезінде қабылдаған кәсіби шешім болды.

Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жалпы ұлттық идечға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек, - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Еске сала кетейік, Елордада Астананың 25 жылдығына арналған бауырлас қалалар мэрлерінің форумы өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы