Бүгiн 2026, 15:56 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Михаил Шайдоровтың әкесі мен бапкеріне алғыс айтты

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жеңісіне үлес қосқан жандардың еңбегіне ерекше тоқталды.

Ақордада өткен салтанатты жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XXV Қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның бапкерлерін марапаттап, ел қоржынына түскен алғашқы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтын медалінің тарихи маңызын атап өтті. Әкенің, алғашқы бапкердің және салалық комитеттің үлесі ерекше бағаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкенің еңбегі – ел мақтанышы

Президент чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровқа ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы оның мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы екенін атап өтіп, Михаилдың спорттағы алғашқы қадамынан бастап жанында болғанын айтты.

Сіз ұлыңыздың талантын танып, оған сенім арттыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Бүгінде еңбектің жемісін көріп отырсыздар. Осындай отаншыл ұл тәрбиелегеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Президент.

Тоқаев Станислав Шайдоровтың әкелік парызды адал атқарып, елге үлгі болғанын ерекше атап өтті.

Әйгілі бапкерге ризашылық

Сондай-ақ Мемлекет басшысы чемпионның бапкері, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа да алғыс айтты.

Президент оның кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінің арқасында лайықты ізбасар тәрбиеленгенін жеткізді.

Ерен жетістіктеріңізді жалғайтын дарынды спортшы дайындадыңыз. Бұл жеңіс – жүйелі еңбектің нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық Олимпиада комитетінің үлесі

Президент табысқа салалық министрлік, федерация және Геннадий Головкин басқаратын Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті де елеулі үлес қосқанын айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, еркін бағдарлама кезінде туындаған қиындықтарға қарамастан, Михаил шешуші сәтте тәуекелге барып, тарихи жеңіске қол жеткізді.

«Еңбек – бәрін де жеңбек». Михаилдың табысы мыңдаған жасқа жігер берді. Бүгінде еліміздің ұл-қыздары оған қарап бой түзейді, – деді Президент.

Жеңіс – әлемдік жылнамада

Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпиондарының есімі әлем спортының тарихына енетінін атап өтті.

Оның айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитеті музейінде де Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы тарихи жеңісі туралы дерек сақталатын болады.

Президент бұл табыс Қазақстан спортының жаңа буынына жол ашатынын жеткізді.

Бұған дейін Президент Денис Теннің жолын жалғаған чемпион Михаил Шайдоровты марапаттағанын жаздық.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты.