Тоқаев: Мақсатымыз – Қазақстан-Пәкістан саудасын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту

Исламабадта өткен Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф қатысты. Іс-шара барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Тараптар екіжақты сауда көлемін алдағы жылдары 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсатты жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы форумды ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін Пәкістан Премьер-министріне алғыс айтып, бұл сапардың тарихи маңызын атап өтті.

Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы кезеңіне айналды. Біз серіктестікті стратегиялық деңгейге көтеретін Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі форум аясында құны 200 миллион долларға жуық 30-дан астам келісім жасалды. Бұл сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа тың серпін береді. Екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан экономикасының тұрақты өсіміне тоқталып, былтыр ІЖӨ 6,5 пайызға артқанын, жалпы көлемі 300 миллиард доллардан асқанын айтты. Сондай-ақ жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларға жеткенін атап өтті.

Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделіне бағытталған. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар үшін үдерістерді едәуір жеңілдетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Астана халықаралық қаржы орталығының өңірдегі жетекші алаңға айналғанын айтып, бүгінде онда 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания тіркелгенін жеткізді. Оның ішінде Пәкістанның 11 компаниясы бар.

Көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық жүк тасымалының 85 пайызы өтетінін айтты.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдырады. Smart Cargo цифрлық платформасы транзит ағындарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Қазақстан темір жолы, Қазпошта және Пәкістанның ұлттық логистика құрылымдары арасындағы келісімдер нақты нәтижеге жол ашады деп сенемін, – деді Президент.

Ауыл шаруашылығы саласында да серіктестікті кеңейту көзделген. Мемлекет басшысы Қазақстанның 70-тен астам елге 200-ден аса агроөнім түрін экспорттайтынын айтты.

Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу жөнінде Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім – өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты көрінісі, – деді ол.

Цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын, халықаралық AI орталығы ашылғанын және екі суперкомпьютер іске қосылғанын атап өтті.

Қазақстан алдағы жылдары толық цифрлық елге айналуды мақсат етіп отыр. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция саласындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын. Мысалы, қазақстандық InDrive платформасы Пәкістан такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Премьер-министр Шахбаз Шариф форумның маңыздылығын атап өтті.

Біз тауар айналымын алдағы екі жылда 1 миллиард долларға жеткізуге уағдаластық. Осы мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Ортақ сауда және инвестициялық портфельді кеңейтуге арналған бесжылдық бағдарлама әзірлейтін жұмыс тобын құрамыз, – деді ол.

Форум қорытындысы бойынша қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп, цифрландыру және инфрақұрылым салаларын қамтитын 30-дан астам құжатқа қол қойылды. Бұл Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңге өткенін айғақтайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы