Тоқаев Лаосқа Қазақстан арқылы Еуропаға жол ұсынды
Қазақстан мен Лаос сауда, логистика, инвестиция және туризм саласындағы байланысты күшейтпек. Келіссөзде екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында Қазақстан мен Лаос президенттері екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысы Лаос Халық Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға тың серпін беретінін жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл қарым-қатынасымызды нығайта түсуге берік негіз болады деп ойлаймыз. Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика саласындағы ықпалдастығына назар аударып, Лаостың бұл бағыттағы табысын жоғары бағалады.
Қазақстан Орталық Азияда тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып келеді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Грузияның Батуми және ҚХР-дың Ляньюньган порттарында қазақстандық терминалдар жұмыс істейді. Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды.
АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды. Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады, – деді ол.
Әңгімелесу кезінде мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастық перспективасына ерекше назар аударылды.
Екі елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатудың, академиялық алмасу мен бірлесе кадр даярлау аясын кеңейтудің, сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқытудың әлеуеті зор.
Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі екенін атап өтті.
Мен Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты қарым-қатынас жасаған елдердің бірі ретінде қарастырамын. Қазақстан Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек қолын созып, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және орналасқан аумағымыз мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді, – деді Лаос Президенті.
Тхонглун Сисулит Қазақстан Лаосқа мамандар даярлауға көмек көрсететініне баса мән берді.
Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады. Олар қазақстандықтарды Лаоста қарсы алуға да, кездескен жерде ризашылығын білдіруге де дайын екені сөзсіз, – деді Лаос Президенті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.