Тоқаев көшелерге әйгілі бабалардың есімін беруді тоқтатуды ұсынды
Мұндай ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. – деді ол.
Президенттің сөзінше, біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн.
Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет, - деп ұсынды Қасым-Жомарт Тоқаев.