Тоқаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасымен кездесті

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы У Вон Шикпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев У Вон Шиктің Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары елдеріміз арасындағы тығыз қарым-қатынастардың дәлелі екенін айтты.

Президент Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі Оңтүстік Кореямен арадағы санқырлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Мемлекет басшысы тараптардың парламентаралық ықпалдастықты жандандыру жолындағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Бұл – саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісінің маңызды тетігі.

У Вон Шик қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-корей байланысын барлық бағыт бойынша тереңдетуге дайын екенін жеткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен У Вон Шик автокөлік құрастыру, энергетика, өнеркәсіп, білім және мәдениет салаларында қазір жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірлескен жобалар жөнінде пікір алмасты.

Әңгімелесу барысында барлық деңгейдегі диалогты жалғастырудың, сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы кездесулердің маңызды екені айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы