Тоқаев Конституцияның жаңарған нұсқасында қандай нормалар барын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты жолдаған бейнеүндеуінде айтты.
Президент атағандай, конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді.
Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді, - деп айтты Тоқаев.
Сонымен қатар айтуынша, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады, - деп түсіндірді Мемлекет басшысы үндеуінде.
Оның айтуынша, мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді.