Тоқаев көктемгі алапаттан қандай сабақ алуымыз керек екенін айтты
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек, – деді Тоқаев.
Тоқаев еліміз кез келген қатерге дайын болу керегін атап өтті.
Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет, – дейді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, су қорын жинап, пайдалану қажет.
Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек, – деді Мемлекет басшысы.