Тоқаев кенжелеп қалған ғылым салаларын дамыту керектігін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын жасау қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруға бағытталған жоспар болу қажеттігіне назар аударды.
Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн, - деді Президент.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жеткізу барысында Астанаға өңірлерден халықтың жаппай көшіп келу себептерін атады.