Тоқаев: Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды қажет деп санаймын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауға кірісуді және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жеделдету мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған.
Президент болашақта отандық АЭС-терді уран шикізатымен қамтамасыз ету мәселесін қазірден бастап ойластыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанның атом электр станцияларына алдағы жүз жылда қажетті уран қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран резервін құру туралы ұсынысты байыппен қарастыру қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер құруға, ядролық энергетика саласындағы құзыреттерді беруге және отандық атом мамандарын даярлауға тартудың маңызын атап өтті. Президенттің сөзінше, мұндай ұсыныстарды Ресей мен Қытай компаниялары да білдіріп отыр.
Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға кірісіп, «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тез бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды орынды, тіпті қажет деп санаймын. Әрине, келіссөздердегі барлық ұстаным мұқият пысықталып, Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып келісілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.