19 Қараша 2026, 16:12 Фото: Ақорда

Тоқаев: Келесі жылы Астанада шетелдік университеттердің бірқатар кампусы іске қосылады

Мемлекет басшысы бүгінгі пікірталас ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, нақты іске ұласатынына сенім білдірді.

– Ең алдымен біз нақты инфрақұрылым қалыптастырамыз, яғни университеттерге қажетті кампустар саламыз. Мәскеу халықаралық қатынастар институтын, сондай-ақ Кардифф университетін өте жақсы мысал ретінде атап өттік. Келесі жылы Астанада бірқатар кампусты іске қосамыз. Аталған жұмыс жалғаса беруге тиіс. Өйткені бұл – біз үшін аса маңызды басымдық. Елордада немесе еліміздің басқа өңірінде филиалын ашқысы келетін кез келген университетке қолдау көрсетуге әзірмін. Форум мінберінде айтқанымдай, біз Қазақстанда сарапшылар әлеуеті, білім мен тәжірибе шоғырланғанын қалаймыз. Соған мүдделіміз. Сол себепті ғылым, білім мен жоғары технологиялар біз үшін өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дөңгелек үстел барысында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университетінің президенті Лю Цзюньго, Кардифф университетінің президенті Ларнер Венди, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу, Үрімжі кәсіби университетінің президенті Гэ Чэнгуан, Анхальт университетінің президенті Йорг Багдан, Гази университетінің ректоры Угур Унал және Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко сөз сөйледі.

Айта кетейік, бұған дейін Президент ғылыми идеяларды нақты технологияға айналдыра алатын елдер ғана табысқа жететінін айтты. 

Сондай-ақ, су қауіпсіздігі – Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының кепілі екенін атап өтті.