Тоқаев Камбоджамен тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды
Қазақстан Президенті Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен келіссөзде сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесін көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Қазақстан Президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты.
–Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын айтты. Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.