Тоқаев Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсетуге шақырды

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді

Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты.

Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы