Тоқаев - істің адамы
Бұл пікірді ақын, журналист Қорғанбек Аманжол айтты, деп жазады BAQ.KZ.
Жаңа Қазақстанның алғашқы күні дегенде меңзеп отырғаны - кешегі өткен Президент сайлауының қорытындысы екені кім-кімге де белгілі деп ойлаймын. Орталық Сайлау комиссиясының алдын-ала есебі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 81,31 пайызы өз дауыстарын берген екен. Ел болашағы аламан таңдауға түскен сайлаудағы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осынау кәміл сенімді жеңісі жаңа Қазақстанмен байланыстырылуы заңды әрі табиғи. Өйткені, «мың өліп, мың тірілген» халқымыз жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды қалап отыр. Сол себептен де сайлаушылардың басымнан да басым көпшілігі алдағы жеті жылда мемлекет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаевтың отырғанын қалағаны анық. Ал бүгін сол халық қалауының нәтижесін көріп отырмыз, - деді журналис.
Айтуынша, сайлау алдында кесір, керауыз сөздер де айтылмай қалмады.
Ойпырмай, бүлікке шақырған әумесерлер де табылды. Мұндайларды халыққа жаны ашиды, елдік мүддені ойлайды деп әсте айта алмас едім. Халық та соны түсінбейтін ақымақ емес. Түсінді. Көрді. Білді. Өзіне кімнің дос, кімнің қас екенін айырды. Болашағы кіммен бірге екенін әулие халық, көреген халық тамыршыдай тап басып, дәл анықтап болжады. Халық сенімі алдамайды. Сол себептен де халық азғырындыға ермей, сайлауға мерекедегідей үлкен белсенділікпен қатысып, тыныштықты сақтап, өз дауыстарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа берді. Әлбетте, аламанға түскен үміткерлер арасында да іс басындағы Президенттің оқ бойы озықтығы көрініп тұрды. Мұны сайлаушылар да растап берді, - деді Қорғанбек Аманжол.
Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев - істің адамы. Нақтысын айтады, көбік сөзбен, құрғақ уәдемен ешқашан алдарқатпайды.
Барды бар, жоқты жоқ дейді. Популист емес. Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды елмен бірлесіп қалай құрудың жоспар, бағдарламасын тиянақтап баяндап берді. Халық соған сенгендіктен де оған өз үмітін артып отыр. Әрине, енді осы сенімді ақтау керек. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы біз айтпасақ та біледі. Абай атасы айтқандай, өзіне сенім білдірген туған халқын апыр-ай дегізіп терлеткізбейді, азаматтық арын жоғары ұстайтынына сөз жоқ. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз сол үшін де Президентсіз! Халқыңыз қалаған, ұнатып сайлап үкілеген Ұлысыз! Ақ жол болсын!, - деді жазушы.