Тоқаев: Ғылымның түрлі саласын қаржыландыруда өте үлкен теңсіздік бар
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы осы модельге тән проблемаларды атады.
Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды. Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар, - деді ол.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артқанын айтты.
Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз, - деді Президент.