Бүгiн 2026, 15:46 Фото: Ақорда

Тоқаев FCI президентін кинологияға қосқан үлесі үшін марапаттады

Награда Қазақстандағы кинология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кинология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мемлекеттік награда Қазақстандағы кинология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Халықаралық кинология федерациясымен ынтымақтастық ұлттық ит тұқымдарын дәріптеуде және осы саланы ілгерілетуде маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.

– Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Қазақ топырағына алғаш рет табаным тиіп отыр. Мен үшін Президент мырзамен кездесу – зор мәртебе. Емен-жарқын әрі достық рәуіште әңгімелестік. Мен Мемлекет басшысына FCI мүшесі саналатын кинологиялық клубты қолдау қаншалықты маңызды екенін айттым. Өйткені біздің федерация франшиза жүйесі ретінде жұмыс істейді. Яғни, біз берген кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Біз қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Екі жыл бұрын FCI осы ит тұқымын таныған еді. Былтыр Хельсинкиде өткен дүниежүзілік көрмеде төреші болдым, сонда қазақы тазы тұқымын «World winner» (Әлем чемпионы) атағына лайық деп таптым. Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімімнің дұрыс екеніне күмәнім жоқ. Сонымен қатар Қазақстан Президенті де тазы асырайды екен. Маған Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсінін көрсетті. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады. Сондықтан тазы арқылы Қазақстанның дүниежүзілік кинология қоғамдастығында өзінің лайықты орнын тапқанына қуаныштымын. Мен Президенттен отандық мамандарға қолдау көрсетуді өтіндім. Саясаткер немесе Мемлекет басшысының өзі сапаға көңіл бөлсе, түбінде оның игілігін бүкіл жұрт көреді. Осынау керемет елмен жақынырақ танысып, жақсы әсерлермен аттанамын деп үміттенемін. Алдағы жексенбіде халықаралық иттер көрмесінде төреші боламын. Бір мезетте 60 қазақ тазысын ешқашан көрмеппін. Сондықтан айрықша ықылас танытып отырмын, - деді Тамаш Яккель, Халықаралық кинология федерациясының президенті.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Ясутоши Нишимураны қабылдады.