Тоқаев Ермек Тұрсыновты қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кинематографистер одағының басқарма төрағасы Ермек Тұрсыновты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында еліміздің кино индустриясын дамыту перспективалары қарастырылды.
Қазақстан президенті кино өнерінің ахуалы еліміздің мәдени келбетін айқындайтынын атап өтіп, отандық кинематография өнімдерінің сапасын арттыру бойынша жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, кино индустриясының, соның ішінде «Қазақфильм» киностудиясының келешегіне қатысты мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қажет.
Ермек Тұрсынов ұлттық киноға көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, 30 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін XV «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ашылуына шақырды.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевті қабылдады
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды Тұғырнамасында көрсетілген «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан» деп аталған жетінші бағыттың жүзеге асырылуы бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Қазақстан президенті Батыс Қазақстан облысын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.