Тоқаев Ердоғанды Ақордада қарсы алды
Ақордада Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу шарасы өтті, - деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Ақордада қарсы алды.
Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік гимнін орындады.
Әнұранды тыңдап болғаннан кейін Режеп Тайип Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.
Түркия Президенті құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.
Екіжақты кездесу мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.