Тоқаев: Елде қарызға батқан және кедей адамдар көбейіп бара жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту қажет. Табыс табу - азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартудың және болашаққа деген сенімін нығайтудың басты тақырыбы. Өкінішке қарай, соңғы кезде жұрттың табысы экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік трансферттің есебінен көбейді. Ашығын айтқанда, жәрдемақымен және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар аз емес, - деді Президент.

Оның сөзінше, соңғы 5 жылда халықтың еңбек табысы 80-нен 67%-ға дейін қысқарған. Ал әлеуметтік трансферт 17-ден 29%-ға дейін өскен.

Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес, бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады. Бұл аз десеңіз, жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырған еңбекақы әлдеқайда баяу өсіп жатыр. Соның салдарынан қарызға батқан адамдар мен кедей адамдар көбейіп бара жатыр, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің сөзінше, қазіргі таңда бір млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді.

Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген «көпірме» есеп беріліп жатыр. Бұл – нағыз көзбояушылық, - деп айтты Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы