Тоқаев экологиялық апаттардың алдын алудың жолдарын ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде әлемдегі экологиялық қатер туралы сөз қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, әлем күрделі экологиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе оның ішінде Орталық Азия оны ерекше сезінеді.

Климат өзгерісі мұнда әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте тез жүріп жатыр. Аймақта құрғақшылық жиі орын алып, мұздықтар еріп, тұщы судың қоры азайып келеді. Кез келген халықтың рухани дәстүрі табиғатты аялауға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге үйретеді. Өйткені Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту – парызымыз. Климаттағы өзгерістер мен оның ауыр салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, іргелі адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақты нығайту, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейде үйлесімді әрекет ету маңызды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондықтан Президент Съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынды.

Аталған құжатта рухани дәстүрлерге негізделген және климат өзгерістеріне осал өңірлерді қолдауға ерекше мән беретін экологиялық жауапкершіліктің жалпыға бірдей қағидаттарын бекітуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы