Тоқаев екі АЭС-тің құрылысын қазірден жоспарлау керегін айтты

Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады. Бірақ, Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы, - дейді Тоқаев. 

Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.

Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба “Росатоммен” бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек, - деп атап өтті Президент.

Тоқаев жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткізгенімізді еске салды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетін пайдалануды ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы