Бүгiн 2026, 15:38 Фото: Ақорда

Тоқаев ЕАЭО-ның Үндістанмен еркін сауда аймағын құру мәселесіне тоқталды

Президенттің айтуынша, ЕАЭО тек нақты экономикалық пайда әкелетін серіктестермен ынтымақтастықты күшейтуі керек.

Президент Қасым-Жомарт Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы бағыттағы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Одақтың Еуразия, араб әлемі, Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланысын одан әрі нығайту қажет. Қазіргі кезеңде Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты маңызды бағыттардың бірі деп санаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол Лукашенконың ұсынысына қатысты пікір білдірді.

Бүгін жабық форматтағы кездесуде Беларусь президенті еркін сауда аймағын құру және бақылаушы мәртебесін беру мәселесінде серіктестерді іріктеу қағидатымен таңдау қажет деген орынды ұсыныс айтты. Яғни барлығын қатар қабылдай бермей, нақты талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа нақты пайда әкеле алатын елдермен жұмыс істеу маңызды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы аясында ортақ экономикалық әлеуетті нығайтуға және қатысушы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге әрі қарай да жан-жақты қолдау көрсетеді, - деді Президент.

Сонымен қатар ол бірлескен күш-жігердің арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге сенім білдіретінін мәлімдеді.