Тоқаев денсаулық сақтау мен білім саласындағы алаяқтықты қатаң сынға алды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және білім салаларында орын алған алаяқтық фактілеріне тоқталып, құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, денсаулық сақтау саласында бір-бірімен толық байланыспаған 30-дан астам ақпараттық жүйе жұмыс істеп келеді.

Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істердің жасалғанын атап өтті.

Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын, – деді Президент.

Осыған байланысты Үкіметке нақты мерзім белгіленді.

Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс, – дейді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым, – деді ол.

Президент бұл бағытта жауапкершіліктің қатаң болатынын ескертті.

Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет, – деді ол.

Мемлекет басшысы білім саласында да заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.

Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек, – деді Президент.

Сондай-ақ Үкіметке тағы бір тапсырма берілді.

Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің мәтінмен жұмыс істеу мәдениетіне қатысты сын айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы