Тоқаев: Бұзақыларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын аралап, қала әкіміне бірнеше нақты міндет жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астанадағы абаттандыру жұмыстары жөнінде ақпарат берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек қазіргі уақытта елордада 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы қамтитын кешенді абаттандыру бағдарламасы жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Осы тұста Президент: "Вандализм, бұзақылық бар ма?," – деп сұрады.
Қала басшысы мұндай жағдайлар жаппай тіркелмегенін, дегенмен жекелеген фактілердің бар екенін жасырмады.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев:
Вандализмді қабылдауға болмайды, бұзақыларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек, – деп нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қала әкімінің назарын көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына аударды. Оның айтуынша, бұл – ортақ міндет, әрі оны тек орталық көшелермен немесе көзге көрінетін жерлермен шектеп қоюға болмайды.
Президент елордада оң өзгерістер бар екенін атап өтіп, бірақ алда атқарылатын жұмыс әлі де көп екенін еске салды.