Бүгiн 2026, 14:26 Фото: Ақорда

Тоқаев: Бұл референдум – берекелі бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум қорытындысына қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық,- деді Мемлекет басшысы.

Ол ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығын жеткізді.

Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ жастардың белсенділігіне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр, - деп атап өтті Тоқаев.

Жастарға сенім білдірген Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатынына сенім білдірді.

Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат, – деді Мемлекет басшысы.