Тоқаев: Біздің нарықта болып жатқан нәрсе – ұят жағдай
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті, - деп атап өтті Президент.
Айтуынша, іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.
Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс. Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті, олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев үш жылда тау-кен саласында үш кәсіпорын ашуды тапсырды.